Астанада түнгі отшашумен құттықтаған 26 адам жазаланды
Астана прокуратурасы тұрғын үйлердің маңында түнгі уақытта отшашу атып, қатты музыкамен құттықтау ұйымдастыратындарға ескерту жасады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, кейінгі уақытта мұндай құттықтаулар жиілеп кеткен. Қатты музыка мен пиротехниканың даусы автокөлік дабылдарының жаппай іске қосылуына себеп болып, тұрғындардың наразылығын туғызады.
Прокуратура бұл әрекеттерді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі, яғни «Ұсақ бұзақылық» бойынша қарау тәжірибесі енгізілгенін мәлімдеді.
Қазірдің өзінде 26 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 19-ы 10 тәулікке дейін қамауға алынды. Ал 14 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған алты әйел мен кәмелетке толмаған баласы бар бір тұрғынға айыппұл салынды.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, түнде тұрғын үйлердің, автокөліктердің маңында немесе адамдар көп жиналған жерде пиротехниканы қолдану азаматтардың өмірі мен денсаулығына, мүлікке және өрт қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Ведомство елорда тұрғындарын өзгенің тыныштығын құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз