Астана мен Алматыда жеке деректерді заңсыз сату ісі тергеліп жатыр
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана және Алматы қалаларында азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинау және тарату фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, наурыз айында прокуратура органдарының үйлестіруімен қазақстандықтардың жеке ақпаратын заңсыз алып, сатумен айналысқан топтың әрекеті тоқтатылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер заңсыз жолмен алынған мәліметтерді интернет арқылы сатқан. Сатып алушылар қатарында микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ жеке тұлғалар болғаны айтылады.
Тінту барысында құқық қорғау органдары компьютерлік техниканы, электронды ақпарат тасымалдағыштарды, ірі көлемдегі ақшалай қаражатты және басқа да айғақ заттарды тәркіледі.
Сотқа дейінгі тергеу жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу, дербес деректер туралы заңнаманы бұзу, ақпаратты заңсыз иемдену, сондай-ақ зиянды компьютерлік бағдарламаларды жасау және тарату баптары бойынша жүргізіліп жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу әрекеттері әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз