Алматыда қызылша ауруына шалдыққандар саны артты
Алматыда 2026 жылдың басынан бері қызылшаға шалдыққандар саны 591 адамға жетті. Олардың басым бөлігі – вакцина алмаған балалар. Бұл ақпарат Өңірлік коммуникациялар қызметінде қызылша мен ЖРВИ бойынша қазіргі ахуал, алдын алу шаралары мен денсаулық сақтау жүйесінің дайындығына арналған баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы инфекцияның таралуы 2025 жылдың қарашасынан басталғанын хабарлады. Сол кезде 30 адам ауырса, желтоқсанда бұл көрсеткіш 142-ге жеткен. Жыл басынан бері 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық 26,9-ды құрайды.
«Қаламызда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Аурушаңдықтың негізгі себебі – вакцинацияның болмауы», – деді спикер.
Ең көп жағдайлар Алатау ауданы – 239, сондай-ақ Наурызбай, Бостандық және Әуезов ауданында тіркелген. Ауруға шалдыққандардың 89%-ы қызылшаға қарсы егілмеген, ал вакцина алмаудың негізгі себептері – ата-анасының бас тартуы, медициналық қарсы көрсетілім немесе жасына жетпеу.
Жас ерекшелігі бойынша сырқаттанушылардың 94%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Әсіресе бір жасқа дейінгі және бір жастан төрт жасқа дейінгі балалар осал топқа кіреді. Көбі – балабақшаға бармайтын ұйымдастырылмаған балалар. Сонымен қатар мектептер мен балабақшаларда да қызылшамен ауырғандар тіркеліп, қосымша эпидемияға қарсы шаралар енгізілді.
Барлық ошағында жедел іс-шаралар жүргізіліп, 6 мыңнан астам байланыста болған адам медициналық бақылауға алынды, 700-ден астам адам вакцинацияланды. Мектептер мен балабақшаларда таңертеңгі сүзгі күшейтіліп, жаппай іс-шаралар шектелді, екпе алмаған балалар уақытша бөлінді.
Бір жас пен алты жас аралығындағы, бұрын екпе алмаған 18 жасқа дейінгі балалар мен 6–10 айлық сәбилер қосымша жоспарлы вакцинациядан өткізіледі. Жыл басынан бері 7 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алған.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары вакцинация қызылша мен оның асқынған түрінен қорғанудың ең тиімді жолы екенін атап, ата-аналарды балаларына уақытында екпе салдыруға шақырады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз