Алматыда екі блогер қамауға алынды
Алматыда TikTok желісіне былапыт сөздер айтылған видео жариялаған екі блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Наурызбай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында екі жас жігіттің видеосын анықтаған. Авторлар роликтегі әрекеттерін әзіл ретінде көрсеткен.
Полиция олардың жеке басын анықтап, 25 жастағы Ибраим Стамбеков пен 21 жастағы Абай Абдыханов екенін хабарлады. Сот шешімімен екеуі де кінәлі деп танылып, әрқайсысына бес тәуліктен әкімшілік қамау жазасы тағайындалған.
Ибраим Стамбековтің Instagram парақшасында 400 мыңнан астам, ал Абай Абдыхановтың парақшасында 110 мыңнан астам оқырманы бар.
ІІМ қоғамдық ақпараттық кеңістікте былапыт сөздер қолдану заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Полицияның мәліметінше, контенттің әзіл ретінде ұсынылуы авторларды жарияланған материалдың мазмұны үшін жауапкершіліктен босатпайды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз