Алматы шыңында бейбітшілік туралы жазуы бар баннер көтерілді
19 жастағы қазақстандық студент Ерасыл 4376 метр биіктіктегі Алматы шыңына көтеріліп, әлемге танымал руферлердің перформансын қайталады, деп хабарлайды ZontNews.kz. Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Шың басында ол «Махаббат құдіреті билікке деген құштарлықты жеңгенде, әлем тыныштық табады» деген жазуы бар баннерді жайып көрсетті. Дәл осындай баннер бірнеше күн бұрын Нью-Йорктегі Empire State Building ғимаратының шпилінде пайда болған еді.
Ерасылдың айтуынша, оған америкалық руферлердің әрекеті шабыт берген.
«Олардың осындай баннермен шыққанын көргенде, мен де тауларға жиі көтерілетінімді ойлап, дәл сондай кадр жасағым келді», – дейді студент.
Ол жорықты «Медеу» мұзайдынынан бастап, аспалы жолмен «Шымбұлаққа» көтерілген. Кейін базалық лагерьге жетіп, түнеп шыққан соң түнгі уақытта шыңға бет алған. Таңғы сағат 06:23-те 4376 метр биіктіктегі Алматы шыңына көтеріліп, сол күнгі Альпиниаданың жетінші қатысушысы атанған.
Еске салайық, 1 шілдеде танымал руферлер Ангела Николау мен Иван Биркус Нью-Йорктегі Empire State Building ғимаратының шпиліне заңсыз көтеріліп, дәл осындай жазуы бар баннерді жайған болатын. Кейін Манхэттен прокуратурасы оларға заңсыз басып кіру, мүлікке зиян келтіру және адамдардың өміріне қауіп төндіру секілді бірнеше айып таққан.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз