Зайсан көлінде екі балықшының денесі табылды
Шығыс Қазақстан облысында Зайсан көліне батып кеткен екі балықшының денесі табылды. Бірінің мүрдесін жергілікті тұрғындар қайғылы оқиғадан жетінші күні тапса, екіншісінің денесін бүгін сүңгуірлер судан алып шықты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қайғылы жағдай Күршім ауданында болған. 22 қыркүйекте балық аулауға шыққан 25 және 47 жастағы екі ер адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Іздеу барысында құтқарушылар жағадан шамамен төрт шақырым жерден олардың батып кеткен қайығын тапқан.
Екі балықшыны іздеуге сүңгуірлер мен құтқарушылардан бөлек, катерлер, ұшқышсыз ұшу аппараттары, суасты дрондары және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Алайда көлдегі іздеу жұмыстары қиын жағдайда жүргізілген. Қатты жел, биік толқын және тексерілуі тиіс су айдынының ауқымды болуы құтқарушылардың жұмысына айтарлықтай кедергі келтірген.
Жеті күн ішінде сүңгуірлер су астына 63 рет түскен. Нәтижесінде алдымен бір балықшының денесі табылып, бүгін екінші адамның мүрдесі де судан шығарылды.
ШҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Алмас Айбекұлының айтуынша, ауа райының қолайсыздығы мен үлкен акватория іздеу жұмыстарын едәуір қиындатқан.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз