«Ұлттық қор – балаларға»: 407 мыңнан астам қазақстандық төлем алды
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылғалы бері 407 145 қазақстандық жинақталған қаражатты пайдаланған. Төлемдердің жалпы көлемі 39,5 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды ZontNews.kz БЖЗҚ-ға сілтеме жасап.
Қаражаттың басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалған. Осы мақсатта 267 986 адам шамамен 26 млрд теңгені пайдаланған.
Тағы 139 159 қазақстандық жинақтарын білім ақысын төлеуге бағыттаған. Бұл бағыттағы төлемдердің жалпы сомасы 13 млрд теңгеге жуықтады.
2026 жылдың басынан бері бағдарлама қаражатын 211 748 адам пайдаланған. Төлемдердің жалпы көлемі шамамен 26 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 145 981 азамат тұрғын үйге 17 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсаған.
Ал 65 767 адам білім алу ақысын төлеуге шамамен 8 млрд теңге бағыттаған.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы Қазақстанда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы еліміздің кәмелетке толмаған азаматтары арасында бөлінеді. Қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін арнайы шотта сақталады. Кәмелетке толғаннан кейін оны білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға болады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз