ҰҚК терроризм және экстремизм қылмыстарына қатысты 28 адамды ұстады
2026 жылдың маусым–шілде айларында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) тергеген қылмыстық істер аясында террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстар жасағаны үшін 19 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сотталғандардың арасында Алматы қаласында туған, 2017 жылдан бері халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін іздеуде болған азамат бар. Ол Түркиядан анықталып, 2025 жылы Қазақстанға депортацияланған. Қылмыстық іс аясында қамауға алынған азамат сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шымкент қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде терроризм идеологиясын насихаттап, таныстарын зорлық-зомбылық акцияларына шақырғаны үшін 9 жылға сотталды.
Сонымен қатар есепті кезеңде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 28 адам ұсталды.
Оларға терроризмді насихаттау, діни араздықты қоздыру, интернетте және өз ортасында тыйым салынған материалдарды тарату, сондай-ақ экстремистік ұйымның қызметіне қатысу күдігі келтіріліп отыр.
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті баптары негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз