Түркістан әкімдігі депутатқа қатысты іске байланысты мәлімдеме жасады
Түркістан облысының әкімдігі аудандық мәслихат депутаты Ерғали Аманбаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іске байланысты мәлімдеме жасап, оқиғаға қатысы бар Қытай азаматтарының инвестор емес екенін хабарлады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қарамастан, сөз болып отырған шетел азаматтары өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар ретінде тіркелмеген.
«Жазбаларда сөз болған шетел азаматтары өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар ретінде тіркелмеген. Қолда бар мәліметке сәйкес, олар Түркістан облысына жеке шаруаларымен келген және жергілікті атқарушы органдардың сүйемелдеуіндегі инвесторлар тізіміне кірмейді», – делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың Қытайдың 34 жастағы азаматшасына қатысты ауыр қылмыс жасады деген ақпарат тараған болатын.
Түркістан облысы полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
Полицияның мәліметінше, күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынған. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу құпиясына байланысты өзге ақпарат жарияланған жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз