Тоқаев: Қазақстан мен ЕО арасында 12 млрд долларлық келісімдер жасалмақ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық одақпен жалпы көлемі 12 миллиард доллар болатын коммерциялық келісімдер жасалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бұл туралы ол «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелінде айтты, деп хабарлады Ақорда.
Тоқаевтың айтуынша, бұл қадам Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестіктің тұжырымдамалық деңгейден нақты іс-қимыл кезеңіне өткенін көрсетеді. Мемлекет басшысы соңғы жылдардағы ел экономикасының жетістіктері мен жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды.
Президенттің мәліметінше, Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Өткен жылы ЖІӨ өсімі 6,5 пайызға жеткен. Жалпы ішкі өнім көлемі 305 миллиард доллардан асса, жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың доллар деңгейінде болған. ХВҚ болжамына сәйкес, биыл экономика көлемі 360 миллиард долларға жетуі мүмкін. Шағын және орта бизнес экономикадағы үлесі шамамен 40 пайызды құрайды.
Тоқаев бұл нәтижелерді кешенді реформалардың жемісі деп атап өтті. Оның айтуынша, елде институционалдық өзгерістер жүргізіліп, заң үстемдігі күшейтілген, инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, инвесторларға арналған цифрлық платформа мен инвестициялық кеңес жүйесі енгізілген.
Президент сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін жаңа жеңілдіктер қарастырылғанын, соның ішінде Altyn Visa бағдарламасы бар екенін айтты.
Оның сөзінше, Қазақстанның басты артықшылықтары – саяси тұрақтылық, макроэкономикалық орнықтылық, ашық экономика және нарықтық реформаларға бейілділік.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз