Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Тоқаев Бавариямен ынтымақтастықты нығайтпақ

Фото көзі: : Ақорда
ZontNews.kz
Қаз. 1, 2026, 10:35 Т.Ж.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары аясында Бавария премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ZontNews.kz.  

Мемлекет басшысы Баварияға арнайы шақырғаны және көрсеткен қонақжайлығы үшін Маркус Зёдерге ризашылығын білдірді.

Президенттің айтуынша, Бавария Германияның экономикалық тұрғыдан жетекші өңірлерінің бірі ғана емес, сонымен қатар инновация, ғылым және өнеркәсіп салаларындағы әлеуеті жоғары аймақ саналады.

Тоқаев Қазақстан үшін Бавариямен байланыстарды одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, Германияның федералдық деңгейіндегі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобалар мен нәтижелерге айналдыруда Баварияның мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға болады.

«Бавария өзінің өнеркәсіп пен ғылымдағы озық жетістіктерін дәстүрге деген айрықша құрметімен ұштастыра білген өңір», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі елдің экономикалық мүмкіндіктерін өзара толықтыруға болатынына назар аударды. Атап айтқанда, Баварияның технологиялық және инновациялық тәжірибесін Қазақстанның табиғи ресурстары мен өндірістік базасымен ұштастыру үшін кең мүмкіндік бар екенін айтты.

Өз кезегінде Маркус Зёдер Баварияның Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, өңір жаңа экономикалық өсім бағыттарын іздеуге ерекше көңіл бөледі және осы тұрғыда Қазақстанмен көпсалалы ынтымақтастықты дамытуға ниетті.

Бавария үкіметінің басшысы Қазақстанда жұмыс істеп жатқан өңір компанияларына көрсетіліп отырған қолдау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Маркус Зёдерді Қазақстанға келуге шақырып, қонақжай қазақ жерінде қайта жүздесуге ниетті екенін білдірді.

Кездесу барысында Зёдер Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мюнхеннің «Бавария» футбол клубының ойыншылары қол қойған командалық жейдені тарту етті.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз