Тоқаев Астанада Бельгия королі мен патшайымын қарсы алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильданы Астана әуежайында қарсы алды, деп хабарлайды ZontNews.kz Ақорда-ға сілтеме жасап.
Мәртебелі меймандар мінген ұшақты Қазақстанның Әскери әуе күштері мемлекеттік шекарадан елордаға дейін қапталдаса алып жүрді. Әуежайда құрметті қонақтарды Құрмет қарауылы ротасы мен Президенттік оркестр салтанатты түрде қарсы алды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы бұл сапардың Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда тарихи маңызы бар екенін атап өтті.
«Қазақстанға қош келдіңіздер. Сапарларыңыз мемлекетіміздің дамуындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз өркендеп, экономикасы ілгерілеп келеді. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Король Филипп көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс айтып, алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздердің нәтижелі болатынына сенім білдірді. Ол сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты серіктестікті одан әрі тереңдетудің маңызын атап өтті.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз