Сейсенбі, 5 Мамыр 2026 г.

$ 464.9
543.53
6.16
  • Алматы
    13°C
    • Астана
      16°C
Ру

Тоқаев пен Ердоған телефон арқылы сөйлесті: референдум, сапар және жаңа жоспарлар талқыланды

Фото көзі: : Ақорда
ZontNews.kz
Сәуір 16, 2026, 1 Т.Қ.
0
13

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы ZontNews.kz. Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Әңгіме барысында мемлекет басшылары алдымен бір-бірін Ораза айт және Наурыз мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанда өткен жалпыұлттық референдумның сәтті өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Түркия басшысы бұл өзгерістерді Қазақстан президентінің салмақты әрі батыл саясатының нәтижесі деп атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылған Негізгі заң елдің одан әрі дамуына және халықаралық беделінің артуына оң әсер етеді.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға түрік байқаушыларының белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, мұны екі ел арасындағы достық пен бауырластықтың айқын көрінісі ретінде бағалады.

Сондай-ақ тараптар алдағы жоғары деңгейдегі кездесулерге ерекше назар аударды. Режеп Тайип Ердоған 14 мамырға жоспарланған Қазақстанға мемлекеттік сапарының маңызын атап өтіп, осы сапар аясында өтетін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысы мен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінен үлкен үміт күтетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесулер екіжақты стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар ол Түркістанда өтетін түркітілдес елдер басшыларының саммитіне де жоғары үміт артатынын жеткізді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы Түркия көшбасшысын елде ерекше ықыласпен қарсы алады.

Әңгіме соңында Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты сәуір айында Анталияда өтетін дипломатиялық форумға қатысуға шақырды. Қазақстан президенті бұл шақыруды қабыл алды.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз