Таразда ерекше баланы байлап ұйықтатқан
Тараздағы оңалту балабақшасында ерекше қажеттілігі бар баланың қол-аяғын байлап қойған видео тарады. Осы жағдайға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Кадрлардан қолы мен аяғы байланған баланың төсектен тұруға әрекеттеніп, құлап қалғанын көруге болады. Кейін тәрбиеші оны қайта көтеріп, төсекке жатқызған.
Баланың әпкесі Ару Омарбектің айтуынша, оның інісі сөйлей алмайды. Ол тәрбиешілер баланы ұйықтату үшін қол-аяғын байлап, қызметкерлердің бірі күш қолданғанын мәлімдеді. Сондай-ақ бірде туыстарына баланың басы жарылып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгені хабарланған.
Балабақша өкілі мекемеде өзіне зақым келтіруі мүмкін балалар бар екенін айтып, жағдайды осылай түсіндірген.
Жамбыл облысының полициясы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз