Талғардағы Нұра ауылындағы жалғыз мектептің жөндеуі үш жылдан бері аяқталмай тұр
Талғардағы Нұра ауылында жалғыз мектептің жөндеу жұмыстары үш жылдан бері аяқталмай келеді. Осы уақыт ішінде оқушылар азық-түлік дүкенінің ғимаратында, мәдениет үйінде және әкімдікте білім алуға мәжбүр болған, деп хабарлайды ZontNews.kz. “Информбюро”-ға сілтеме жасап.
Нұра ауылындағы №12 орта мектеп 2023 жылы күрделі жөндеуге жабылған. Жөндеу жұмыстарын бір жыл ішінде аяқтау жоспарланғанымен, оқу орны әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ.
Мектеп жөндеуде болған кезеңде балалар жергілікті мәдениет үйінде, әкімдік ғимаратында және азық-түлік дүкенінде оқыған. Ата-аналар мұндай жағдайға наразылық білдіріп, енді балаларын мектептен басқа ғимараттарға жібергісі келмейтінін айтып отыр.
«Кіші балам екінші сыныпқа барады. Ол екі жыл дүкенде оқыды. Дүкенді жөндеп, балаларды сонда орналастырды. Жағдайы өте нашар. Бір партада екі-үш баладан отырады. Өте тар. Бар болғаны екі сағат оқиды. Сағат онда жіберсек, он жарымда үйге келеді. Бірінші сыныпта бала небәрі екі жарым сағат оқыды», – дейді Нұра ауылының тұрғыны Надира Нұрданова.
Мектеп директорының айтуынша, жөндеу жұмыстарының созылып кетуіне мердігер компанияның жауапсыздығы себеп болған. Оның сөзінше, бұрынғы мердігермен келісімшарт бұзылып, кейін жұмысқа басқа компаниялар тартылған.
«2024 жылы жөндеу жұмыстарын аяқтауы керек еді. Бірақ мердігер өз жұмысын сапасыз атқарып, белгіленген мерзімге үлгермеді. Соның салдарынан бәрі созылып кетті. Бастапқыда бұл мектепке 1 миллиард 100 миллион теңге бөлінген. Қосымша қаражат бөлінді ме, оны білмеймін. Қазір мұнда 31 адам жұмыс істеп жатыр. Тағы 20 адам қосылады. 25 тамызға дейін уақытында аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Жақын арада аяқтайды деп үміттенемін», – дейді Нұра ауылы №12 орта мектебінің директоры Ержан Нүсіпжан.
Алайда ата-аналар жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталатынына күмән келтіреді. Себебі мектепте әлі де құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жылу жүйесі де толық аяқталмаған.
Спорт залда жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Қазір ол қойма ретінде пайдаланылып отыр. Ғимарат ішінде құрылыс материалдары, техника және басқа да заттар сақталған.
Тұрғындардың пікірінше, жөндеу жұмыстарының осынша уақытқа созылуына тиісті бақылаудың болмауы себеп. Олар облыс басшылығы тарапынан бақылау жеткіліксіз деп есептейді.
«Әкім облысқа келген төрт жылдың ішінде бір-ақ рет келді. Біз оны бір-ақ рет көрдік. Оған дейін үнемі хат жазып, өзіміз де барып жүрдік. Білім бөлімі жиі келеді, иә. Бірақ облыс әкімі бір-ақ рет келді. Оның бақылауы байқалмайды. Бұл күлкілі жағдай», – дейді Нұра ауылының тұрғыны Әйгерім Нұрданова.
Егер мектеп жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмесе, бұл тұрғындар үшін үлкен мәселеге айналмақ. Себебі балалар бірнеше жыл қатарынан қалыпты жағдайда білім ала алмай келеді. Ал ата-аналар енді балаларын мәдениет үйіне, әкімдікке немесе дүкенге жіберуге ниетті емес.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз