Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында көз жұмған Сәния Жұбанышеваның анасы Тоқаевтан көмек сұрады

Фото көзі: : Ulysmedia.kz
ZontNews.kz
Шілде 28, 2026, 12:20 Т.Қ.

Шымкент қаласындағы уақытша ұстау изоляторында көз жұмған 22 жастағы Сәния Жұбанышеваның анасы Зухра Сопыбекова қызының өліміне қатысты тергеудің баяу жүріп жатқанын айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан істі жеке бақылауға алуды сұрады, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Сәния Жұбанышева 12 мамырда кәмелетке толмаған жасөспірімге пышақ жарақатын салды деген күдікпен қамауға алынған. Алайда қорғаушыларының айтуынша, бұған дейін ол өзін зорлауға әрекет жасалғаны туралы арыз жазған. 15 мамырда бойжеткен уақытша ұстау изоляторында қайтыс болды.

Марқұмның анасы қызының өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін айтып, істің ұзаққа созылуын қызы арызданған азаматтың құқық қорғау органдарында жоғары лауазым атқаратын адамның туысы болуымен байланыстырады. Сондай-ақ ол сараптама қорытындысында қылмыс құралы ретінде қаралған пышақтан қызының саусақ іздері табылмағанын мәлімдеді.

Адвокат Айжан Қосмұратованың айтуынша, Сәния өзін зорлауға әрекет жасалғаны туралы арызы тіркелгеннен кейін қамауға алынған. Қорғаушының пікірінше, бұлтартпау шарасын қолдануға жеткілікті тікелей дәлелдер болмаған, ал тергеу негізінен куәгерлердің айғақтарына сүйенген.

Зухра Сопыбекова уақытша ұстау изоляторындағы бейнебақылау камераларының толық жазбасы әлі күнге дейін көрсетілмегенін айтты. Ол қызының изоляторға кірген сәтінен бастап ауруханаға жеткізілгенге дейінгі барлық бейнежазбаны жариялауды талап етіп отыр. Оның сөзінше, бұл арқылы қызына кімдердің кіргенін және оның соңғы сағаттарында не болғанын анықтауға болады.

Марқұмның анасы бұрын сотталмаған қызының бұрын сотталған әйелдермен бір камераға қамалғанына да күмән келтіреді. Қорғаушылардың мәліметінше, Сәния алғашында бір камераға орналастырылып, кейін басқа камераға ауыстырылған. Мұндай шешімнің себебі әлі күнге дейін түсіндірілмеген.

Адвокат Дамир Кисмельевтің айтуынша, қазіргі уақытта изолятор қызметкерлеріне қатысты салғырттық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда қорғаушы олардың әрекетіне азаптау бабы тұрғысынан да құқықтық баға берілуі тиіс деп есептейді.

Зухра Сопыбекова ресми нұсқада айтылғандай, қызының «Пропанорм» дәрісін көп мөлшерде ішкеніне де күмән келтіреді. Оның айтуынша, мұндай дәрі-дәрмек қамаудағыларға медицина қызметкерлерінің бақылауымен ғана берілуі тиіс. Сондықтан бұл препараттың камераға қалай түскені де жан-жақты тексерілуі қажет.

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Сәния Жұбанышева кәмелетке толмаған жасөспірімнің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен тергелген. Полиция қыз оқиғадан кейін медициналық тексеруден өткен кезде оның денесінен жарақат анықталмағанын хабарлады.

Сондай-ақ ведомство Сәнияның өзін зорлауға әрекет жасалғаны туралы арызды оқиғадан он күн өткен соң жазғанын мәлімдеді. Полицияның хабарлауынша, куәгерлер оның сөзін растамағанымен, бұл дерек бойынша тексеру жүргізілген.

Ресми мәліметке сәйкес, 15 мамырға қараған түні Сәния өзін жайсыз сезінгенін айтып, жүрекке арналған дәріні көп мөлшерде қабылдаған. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз