Шарджада апалы-сіңлілі жұмбақ жағдайда көз жұмды
Біріккен Араб Әмірліктерінде көз жұмған қазақстандық апалы-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыз Боханованың нақты неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз. Құжаттарда олардың өліміне жүректің тоқтауы себеп болғаны көрсетілген. Қыздардың мәйіті сенбіге қараған түні Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды ZontNews.kz. КТК-ға сілтеме жасап.
БАӘ полициясы мәйіттерді әкесі туыстық байланысты растау үшін ДНҚ сараптамасынан өткеннен кейін ғана берген. Мейрам Боханов қыздарының жүзін Қазақстанда, жерлеу рәсімі алдында көргенін айтты.
«Мешітте ғана беттерін аштым. Ағам екеуміз көрдік – өз қыздарымыз. Анасы көрген жоқ. Оның жадында қыздардың жарқын бейнесі мен бақытты сәттері қалсын дедік», – деді ол.
Ақжан мен Жұлдыз былтыр желтоқсанда Шарджаға жұмыс істеуге кеткен. Ата-анасының сөзінше, олар сұлулық салонында еңбек еткен. Алайда қыздардың байланысқа шықпай қалуына және қаза болуына қатысты мән-жай әлі толық анықталмаған.
«Құжатта жүрегі тоқтағаны жазылған. Бірақ олардың қалай қайтыс болғанын немесе біреу өлтіргенін нақты білмейміз. Интернетте тараған ақпараттың бәріне сене бермеңіздер. Ресми сараптама қорытындысы шыққаннан кейін ғана нақты айта аламыз», – деді қыздардың әкесі.
Іс бойынша күдіктінің анықталып, ұсталғаны бұған дейін хабарланған. Әкесінің мәліметінше, ол – Қазақстан тумасы.
Қаза тапқан апалы-сіңлілердің бірі 20 жаста, екіншісі 22 жаста болған. Олардың денесі Шарджадағы жалдамалы пәтерден табылған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз