«Самұрық-Энерго» компаниясын енді Аңсар Айдаров басқарады
«Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен Аңсар Айдаров «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ZontNews.kz
Жаңа басшыны компания ұжымына «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов таныстырды.
Кездесу барысында Нұрлан Жақыпов стратегиялық инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ электр станцияларын уақытылы іске қосу қажеттігін атап өтті.
Аңсар Айдаров 2013 жылдан бері «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобында еңбек етіп келеді. Әр жылдары «Жетісу энергиясы» ЖШС бас директоры, «Самұрық-Энерго» АҚ жобалық офисінің басшысы және инвестициялар жөніндегі бас директоры қызметтерін атқарған.
Еске салайық, 28 қазанда «Самұрық-Энерго» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың қызметінен босатылғаны белгілі болды.
Үкіметтің баспасөз қызметі кадрлық шешімге стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру қарқынының баяулығы, сондай-ақ жаңа генерациялау қуаттарын салу және пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болғанын хабарлаған.
Бұған дейін Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қайрат Мақсұтовтың қызметінен босатылуына қатысты пікір білдірген еді.
Оның айтуынша, бұрынғы басшыға бірнеше рет ескерту жасалғанымен, тиісті қорытынды шығарылмаған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз