Ринат Зайыт жаңа қызметке кірісті
Мәжілістің бұрынғы депутаты, ақын әрі айтыскер Ринат Зайыт Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы болды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Adal АDAM басылымдарына сілтеме жасап.
Ринат Зайыт жаңа қызметке тағайындалғанын Adal АDAM YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, бұл лауазымды қазан айының басында жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрі ұсынған. Ұсыныс Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан оқиғадан кейін жасалған.
«Соңғы оқиғалардан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласына түбегейлі өзгерістер енгізуді тапсырды. Қазір бұл реформалар басталды. Мен өзгерістерге белсенді қатысқанды ұнатамын. Сондықтан осы қызметке қуана келдім. Бұл реформаға өз үлесімді қосуды армандадым», – деді Ринат Зайыт.
Ұлттық әскери-патриоттық орталық 2015 жылғы желтоқсанда құрылған. 2025 жылы оған армияның мәдени және рухани негізін қалыптастыру жұмыстарын үйлестіру міндеті жүктелді.
Қазіргі уақытта орталық құрамында музейлік-тарихи кешен, шығармашылық ұжымдар мен әскери оркестрлер, мәдени-демалыс бөлімдері, мультимедиалық орталық, сондай-ақ әдістемелік және ғылыми-талдау бөлімшелері жұмыс істейді.
Орталықтың филиалдары Алматы, Гвардейск, Семей, Сарыөзек және Қонаев қалаларындағы ірі гарнизондарда ашылған. Онда әскери оркестрлер, ансамбльдер мен музейлер жұмыс істеп, әскери қызметшілердің балаларына арналған үйірмелер ұйымдастырылады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз