Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Республика күні қарсаңында бірқатар азамат мемлекеттік наградамен марапатталды

Фото көзі: : ҚР Президентінің баспасөз қызметі
ZontNews.kz
Қаз. 23, 2026, 10:05 Т.Ж.

Президент мемлекеттік наградалар беру туралы Жарлыққа қол қойды.

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан, сондай-ақ қоғамдық қызметте белсенділік танытқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды ZontNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Марапатталғандардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшы мамандықтарының, өндіріс, бизнес, білім және ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар.

Өндірістік қызметтегі аса көрнекті еңбегі үшін «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы А. Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

«Отан» орденімен елімізге және шетелге танымал «МузАРТ» тобының қалыптасуына елеулі үлес қосқан көрнекті мәдениет және өнер қайраткері, композитор А. Қоразбаев марапатталды.

«Барыс» орденінің I дәрежесі «Концерн TNS-group» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Т. Жұмағұлов пен актер Н. Ықтымбаевқа табысталды. «Барыс» орденінің II дәрежесі білім саласының ардагері Е. Мәмбетқазиевке және Қазақстанның альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының вице-президенті, әйгілі альпинист Қ. Уәлиевке берілді. Ал «Барыс» орденінің III дәрежесі «Ново-Приречное» ЖШС директоры В. Тюркинге, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы С. Шангутовқа және басқа да азаматтарға табысталды.

«Парасат» орденімен белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері және өндіріс саласының өкілдері марапатталды. Олардың қатарында «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д. Жұмбеков, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Н. Уәли, археолог А. Подушкин, Қарағанды медицина университетінің профессоры М. Түсіпбекова және «Радуга» ЖШС бас директоры Д. Шарапаев бар.

«Құрмет» орденімен «Өзенмұнайгаз» АҚ кран машинисі Б. Досқарин, Қарағанды облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Е. Кальмбах, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Астық-STEM» ЖШС бас агрономы Т. Хамидуллин, онкологиялық науқастарды қолдауға арналған «Здоровая Азия» қоғамдық қорының негізін қалаушы Н. Плохих, Қызылорда облысындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының жетекшісі А. Мұсафирова, Атырау облысының су шаруашылығы саласының ардагері Н. Қонас, Ақтөбе облыстық көпбейінді балалар ауруханасының балалар дәрігері Б. Медетбаев және басқалар марапатталды.

Қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін «Ел бірлігі» ордені Алматы қаласындағы Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығының құрметті төрағасы Г. Аннакулиеваға, Қарағанды облысындағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы У. Джанаевқа, «Возрождение» Қазақстан немістері бірлестігі қоғамдық қорының атқарушы директоры Д. Редлерге және «Tamos Space School» мұғалімі Д. Ромащенкоға табысталды.

«Еңбек Даңқы» орденінің III дәрежесі өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндірістік салалардың еңбеккерлеріне берілді.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына мәдениет саласының көрнекті өкілдері Б. Баймен, Т. Мүсілім, П. Палтаев, М. Сайланбек, А. Темкина және басқалар ие болды.

Педагогтер мен білім саласының өкілдері Н. Каранда, К. Мажитова, Е. Омарханов және Н. Сафиулинаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы берілді. Өнер қайраткерлері Т. Мұсабаев пен Н. Өтеуілов «Қазақстанның халық әртісі» атанды.

Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің профессоры Т. Таркина бастаған бірқатар медицина қызметкеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілді.

Әскери және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметші мен құқық қорғау органдарының өкілі «Даңқ» орденінің I және II дәрежелерімен, «Айбын» орденінің I, II және III дәрежелерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Жалпы мемлекеттік наградаларға 129 еңбек ардагері, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда еңбек ететін 473 жұмысшы, 200-ден астам шағын және орта бизнес өкілі, 150-ден астам педагог пен ғалым, 120-ға жуық медицина қызметкері және күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген басқа да азаматтар ие болды.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз