Ресей депутаттары Нұрлан Сабуровқа салынған шектеуге қарсы шықты
Ресейлік бірқатар депутат Нұрлан Сабуровтың Ресей аумағына кіре алмауына қатысты шешімге наразылық білдірді. Бұл туралы ZontNews.kz хабарлайды.
Мемлекеттік Дума депутаты Владислав Даванковтың айтуынша, әзілкешке қолданылған шара тым қатаң. Ол бұл шешімнің заңдылығын тексеруге шақырып, тексеру қорытындысынан кейін Сабуровтың Ресейде өмір сүріп, жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беріледі деп үміттенетінін айтты.
Ал Мемлекеттік Думаның тағы бір депутаты Александр Шолохов істің барлық мән-жайы толық анықталуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл жағдайға қатысты түрлі қауесет көп.
«Мен кез келген тақырыпта әзілдей беретін комиктерді ресейлік мәдениеттің ажырамас бөлігі деп санамаймын. Бірақ нақты осы жағдайда оның не себепті 50 жылға Ресейден шеттетілгені түсініксіз. Қазір бұл оқиғаға қатысты алыпқашпа әңгіме көп», – деді Шолохов.
Бұған дейін бұл мәселеге ресейлік журналист Ксения Собчак та пікір білдірген. Ол Сабуровқа қатысты шешімді орынсыз деп бағалады.
«Ол мені қалай атады – оған бола не өзгереді? Адамдар өз мүддесі үшін бірін-бірі мадақтап немесе жек көріп жатқанын ұнатпаймын. Біз келіспеуіміз мүмкін, бірақ Нұрланға қатысты болып жатқан жағдайды абсурд деп санаймын», – деп жазды Собчак Telegram-арнасында.
Еске салайық, бұған дейін Нұрлан Сабуровтың Мәскеу әуежайында ұсталып, 50 жылға Ресейге кіруге тыйым салынғаны туралы ақпарат тараған. Кейін ол Ресей азаматтығынан бас тартып, Алматыға ұшып келгені хабарланды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз