Президент төрт маңызды заңды бекітті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым, машина жасау, атқарушылық іс жүргізу және цифрландыру салаларын қамтитын төрт заңға қол қойды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қабылданған заңдардың бірі ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамытуға, ғылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге, ғалымдардың мәртебесін арттыруға және Ғылым академиясының рөлін күшейтуге бағытталған.
Мемлекет басшысы сондай-ақ машина жасау және көлік саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер енгізетін заңды бекітті. Құжат отандық өндірістің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Үшінші заң атқарушылық іс жүргізу жүйесін жетілдіруге арналған. Онда азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейту, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жетілдіру шаралары қарастырылған.
Сонымен қатар Президент цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы қауіпсіздігі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелерін қамтитын заңға қол қойды. Құжат көлік саласын цифрландыруды дамытуға және азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтуге бағытталған.
Заңдардың толық мәтіні ресми басылымдарда жарияланады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз