Песков Тоқаев туралы пікірін ашық айтты
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты саяси тұрғыдан мықты, айтарлықтай ресурсы бар көшбасшы деп атады. Ол бұл пікірін қазақстандық көшбасшының Владимир Путин туралы айтқан сөздеріне қатысты Павел Зарубиннің «Вести» бағдарламасына берген сұхбатында білдірді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
«Президент Тоқаев – саяси тұрғыдан өте мықты адам. Ол өте қуатты және орасан зор ресурсы бар тұлға», – деді Песков.
Оның айтуынша, мұндай жария бағаны болашақты көре білетін, ұстанымы берік әрі дәйекті саясаткерлер ғана айта алады.
«Басқаларының қолынан келмейді», – деп атап өтті Кремль өкілі.
Песковтің пікір білдіруіне Тоқаевтың 29 қыркүйекте Германия канцлері Фридрих Мерцпен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында айтқан сөздері себеп болды. Қазақстан Президенті Владимир Путинді жақсы білетінін және оны күрделі тарихы бар ірі мемлекетті басқаруға қажетті қасиеттерге ие көрнекті мемлекеттік қайраткер деп санайтынын айтты.
Сондай-ақ Тоқаев Путинді Орталық Азия, Еуропа және жалпы әлем үшін ең қолайлы саяси тұлға деп атады. Ол мұндай бағалау Ресей басшылығына қарсы ұстанымдағы еуропалықтарға оғаш көрінуі мүмкін екенін мойындады.
30 қыркүйекте Песков қазақстандық көшбасшының бұл сөздеріне пікір білдіріп, Путинге берген жоғары бағасы үшін Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Мәскеу Астанамен қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті.
Германиядағы сол баспасөз мәслихатында Тоқаев Украинадағы соғыс мәселесіне де тоқталды. Ол бұған дейін әскери қимылдарды тоқтатып, келіссөздерге көшу туралы ұсыныс жасағанын еске салды. Сонымен қатар Путинге өзінің ұстанымын түсінгені үшін алғыс білдірді.
Кейін Песков Ресей президенті кездесулер барысында қазақстандық әріптесіне майдандағы жағдай туралы тұрақты түрде ақпарат беріп отыратынын хабарлады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз