Павлодардағы банк ұрлығына күдіктілер Ресейде ұсталды
2024 жылдың қараша айында Павлодар қаласындағы банк бөлімшесінде болған ұрлық дерегі бойынша күдікке ілінген төрт Ресей азаматы Иваново облысында қолға түсті. Бұл туралы ZontNews.kz РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Иваново облысының сотының шешімімен күдіктілердің үшеуі қамауға алынып, біреуі үйқамаққа жіберілген.
Күдіктілердің бірінің қорғаушысы Анастасия Терехованың айтуынша, оның қорғауындағы азамат Иваново облысындағы Вичуга қаласында балалар шығармашылық орталығында күзетші болып жұмыс істеген. Адвокаттың мәлімдеуінше, тергеу нұсқасы күдіктілердің қылмыс жасалған күні Павлодар қаласында болғаны жөніндегі болжамға ғана негізделіп отыр, ал өзге нақты айғақтар ұсынылмаған.
Сонымен қатар, ұсталған Ресей азаматтарының бір-бірімен байланысы дәлелденбегені айтылды. Қорғаушының сөзінше, күдіктілер Павлодарға автокөліктерді сатып алып, кейін Ресейге апарып қайта сату мақсатында барған.
Еске салайық, 2024 жылғы қарашада таңертең банк бөлімшесінде қабырғаның бұзылғаны анықталған. Банк өкілдерінің хабарлауынша, белгісіз адамдар ғимаратқа 10 қарашадан 11 қарашаға қараған түні кірген. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз