Қожамұратова ісі: 55 том құжат жарияланды
Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Арайлым Қожамұратоваға қатысты іс қаралуда. Бұл туралы ZontNews.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы сот отырысында прокурор 49 жәбірленушінің жауабын оқып, сот 55 том іс материалдарын жариялады. Бұған дейін куәлардан жауап алынған болатын. Жәбірленушілердің көпшілігі Қожамұратованы әлеуметтік желі арқылы тапқанын, WhatsApp топтарына тіркеліп, Қытайдан арзан тауар алуға тапсырыс бергенін айтқан. Топқа кіру құны 300 мың теңгеден басталған. Айыптау тарабының мәліметінше, тапсырыс берілген тауар 6 айға дейін жеткізіледі деп уәде етілген.
Сонымен қатар, кейбір жәбірленушілер көрсеткен қаржы аударымдарын растайтын төлем құжаттары іс материалдарына тіркелмегені айтылды.
Іс бойынша барлығы 298 адам жәбірленуші деп танылған. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 4,6 млрд теңгені құрайды. Сот процесі негізінен онлайн форматта өтуде.
Қорғау тарабы жәбірленушілер саны мен келтірілген шығын көлемі негізсіз ұлғайтылғанын мәлімдеді. Адвокаттардың айтуынша, кейбір менеджерлер азаматтардан қаражат қабылдап, оны Қожамұратоваға немесе «Шын Сауда» ЖШС-не аудармаған. Соған қарамастан, олар арқылы тапсырыс берген тұлғалар жәбірленуші ретінде танылған.
Сондай-ақ қорғаушылар тергеу барысында бірқатар процессуалдық заңбұзушылықтарға жол берілгенін алға тартты. Олардың сөзінше, іс сегіз тергеушінің жүргізуінде болған, кей құжаттарға қол қойылмаған және кейбір тергеу әрекеттері ресми тіркеусіз жүргізілген.
Аталған іс бойынша Қожамұратовадан бөлек тағы 12 адам сотталушы ретінде танылған. Олардың бір бөлігі кепілмен босатылса, қалғандары тергеу изоляторында қамауда отыр. Сот процесі жалғасуда.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз