Өскеменде полиция қызметкері қаза тапты
Өскемен қаласында 4 қазанға қараған түні дәмханалардың бірінде жанжал шығып, 40 жастағы полиция қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, келушілердің бірі тәртіпсіз әрекеті үшін ескерту жасаған ер адамға шабуылдап, оны тепкен. Алған жарақатынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
Жанжал кезінде тағы бір адам зардап шеккен. Бейнебақылау камераларындағы жазбада күдіктінің оның басынан ұрғаны көрінеді.
Полиция марқұмның құқық қорғау органының қызметкері болғанын растады. Алайда оқиға кезінде ол қызметтік міндетін атқармаған.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз