Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Орталық Азия елдері Сырдария мен Әмудария суын пайдалану тәртібін келісті

Фото көзі: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі
ZontNews.kz
Қаз. 8, 2026, 2:23 Т.Қ.

Түрікменбашы қаласында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСҮК) 95-отырысы өтті, деп хабарлайды ZontNews.kz. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Жиынға Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Тәжікстан Энергетика және су ресурстары министрлігі Су-энергетикалық саясат бас басқармасының басшысы Далер Абдухалок, Түрікменстан Мемлекеттік су шаруашылығы комитетінің төрағасы Дурды Генджиев және Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев қатысты.

Тараптар Сырдария және Әмудария өзендері бассейндеріндегі 2026 жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындысын шығарып, 2026–2027 жылдардағы вегетацияаралық кезеңге арналған су алу лимиттері мен су қоймалары жұмысының болжамды режимдерін бекітті.

Жиында Сырдария өзені бассейніндегі вегетациялық кезеңнің тұрақты режимде өткені айтылды. Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына шамамен 3,69 млрд текше метр су келді. Бұл болжанған көлемнен 840 млн текше метрге артық. Вегетацияаралық кезеңде су қоймасына шамамен 10 млрд текше метр су түседі деп күтілуде.

Қатысушылар су ресурстарын есепке алу және мониторинг жүргізу жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударды. Тараптар Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жоспар жобасын әзірлейтін жұмыс тобының отырысын өткізуге келісті.

Сонымен қатар Аралды құтқару халықаралық қорын құрушы мемлекеттер басшыларының саммиттерінде белгіленген міндеттердің орындалу барысы қаралды.

Бұдан кейін Орталық Азия мемлекеттерінің Әмудария және Сырдария өзендерінің су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі кездесуі өтті. Оған Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдерімен қатар Қырғыз Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Азизбек Мадмаров қатысты.

Кездесу барысында тараптар Әмудария мен Сырдария өзендерінің су ресурстарын ұтымды әрі орнықты пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасты және өңірдің су саласындағы негізгі сын-қатерлерін талқылады. Өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару тетіктерін жетілдіруге және Орталық Азиядағы барлық мемлекеттің мүддесін ескеруге ерекше көңіл бөлінді.

Кездесу қорытындысында тараптар орнықты және ұтымды су пайдалану мәселелері бойынша сындарлы диалог пен бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделі екенін растады.

«Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы ведомстволары арасындағы өзара іс-қимыл өткен вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз етті. Бүгін алдағы бірлескен әрі тиімді жұмыстың негізі қаланды. Біз және серіктестеріміз трансшекаралық су ресурстарын барлық тараптың мүддесін ескере отырып, әділ бөлуге бағытталғанбыз», – деді Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

МСҮК-тің келесі, 96-отырысын 2027 жылдың бірінші тоқсанында Өзбекстан Республикасында өткізу жоспарланып отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз