Orda ісі: Бажкенованың соты басталды
Алматыда ORDA басылымының негізін қалаушы әрі бұрынғы бас редакторы Гүлнара Бажкеноваға қатысты сот процесі басталды. Алайда журналистердің сот залына кіруіне шектеу қойылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
БАҚ өкілдері сот отырысына жіберілмей, бейнетрансляция көрсетілген бөлек бөлмеге орналастырылды. Журналистердің айтуынша, бейне мен дыбыс сапасы өте төмен болғандықтан, соттағы талқылауды толық түсіну мүмкін болмаған.
Сот басталар алдында Бажкенова Elmedia басылымына пікір білдіріп, жеті ай бойы үйқамақта болған кезінде небәрі екі рет, әрқайсысы шамамен 15 минуттан ғана жауап бергенін айтты. Оның сөзінше, өзіне Қылмыстық кодекстің жалған ақпарат тарату туралы бабы бойынша сегіз эпизод бойынша айып тағылған. Бажкенова олардың бесеуі бойынша тергеу тұжырымдарын жоққа шығаратын бейнежазбалар бар екенін мәлімдеді.
Жалпы оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған. Олар – 214-бап («Заңсыз кәсіпкерлік»), 274-бап («Көрінеу жалған ақпарат тарату») және 189-бап («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету», ұйымдасқан топпен не аса ірі мөлшерде жасалған).
Сондай-ақ Бажкенова өзіне тиесілі активтер туралы тараған ақпаратқа пікір білдіріп, қорғаушы мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, адвокаты Мұрат Адам лицензиясынан айырылғаннан кейін басқа заңгерлер оның мүддесін қорғаудан бас тартқан. Соның салдарынан оған мемлекет есебінен адвокат тағайындалған.
Сот процесі жалғасып жатыр.
ORDA иесі Мақсат Ғаниев бұған дейін Telegram-арнасында 2025 жылғы желтоқсанда Бажкенова өзін рейдерлік әрекет жасады деп арызданғанын жазды. Оның айтуынша, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тексеру жүргізгенімен, бұл дерек расталмаған. Алайда редакциядағы қаржы жымқыру фактілері анықталған.
«Бұл фактілер бәрібір анықталатын еді, мысалы аудит барысында. Онда біз Бажкеновамен бұрынғыдай азаматтық тәртіпте мәселені шешер едік. Бірақ ол өз әрекетімен бұл жағдайды қылмыстық істің бір бөлігіне айналдырды», – деп жазды Ғаниев.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз