Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026 г.

$ 498.65
595.85
6.55
  • Алматы
    5°C
    • Астана
      -8°C
Ру

Мәжіліс депутаттары дәрілік заттардың қолжетімділігі мәселесін талқылады

Фото көзі: Мәжілістің Баспасөз қызметі
ZontNews.kz
Ақп. 4, 2026, 1:25 Т.Қ.
0
9

Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен отырыс өтті. Жиында депутаттар жұртшылықты дәрілік заттармен уақытылы әрі толық қамтамасыз ету мәселесін талқылады, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Отырысқа депутаттармен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты мекемелердің басшылық өкілдері қатысты.

Депутаттар дәрі-дәрмектердің азаматтар үшін қолжетімді болуының маңыздылығына тоқталды. Олар кейінгі уақытта кейбір қажетті дәрілік заттардың дәріханаларда сатылымда болмауына байланысты жиі шағым түсетінін айтты.

Бұған қоса, науқастар бюджет есебінен тегін қамтамасыз етілуі тиіс дәрі-дәрмектердің кешіктірілуіне байланысты көптеген шағым түсіруде. Әсіресе, онкология сияқты аурулар бойынша дәрілерді үзбей қабылдау аса маңызды. Бірақ олардың өзі осындай қиындықтарға тап болуда. Сонымен қатар дәрілердің сапасы, бағасы туралы проблемалар көтерілді.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов дәрімен қамтамасыз ету медицина саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл халықты қолжетімді, қауіпсіз және сапалы дәрілік заттармен қамтамасыз етуге, бағаны реттеуді жүзеге асыруға бағытталған.

– Қазақстанда 10 мыңнан астам дәріханалық ұйым бар, оның ішінде 2,7 мыңға жуық дәріхана ауылдық жерлерде орналасқан. Шалғай елді мекендер үшін арнайы жылжымалы дәріханалық пункттер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 2 мыңнан астам дәріхана Тиісті дәріханалық практика (GPP) халықаралық стандартына сәйкес келеді,

– деді вице-министр.

Жиында Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбековке өткен жылы бірқатар медициналық ұйымның дәрі-дәрмек сатып алудан бас тартуына қатысты сұрақ қойды.

Нұрлыбек Асылбеков мұндай олқылықтардың орнын толтырып, ендігі уақытта дәрі-дәрмек көлеміне қатысты жоспарлау жұмысы жетілдіріле түсетінін айтты.

Сондай-ақ депутаттар квоталық қызмет көрсету мен квоталық дәрілердің берілуін реттеу, жаңа дәрілерге тапсырыс беру, қант диабетімен ауыратын азаматтардың дәрілермен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты сауалдар қойды.

Отырыс соңында Асхат Аймағамбетов аталған мәселелер бойынша депуттаттар арнайы заң жобасын дайындағаны туралы және осы проблемалар депутаттардың ерекше бақылауында болатынын атап өтті.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз

Сізді де қызықтырады