Министрлік: 1,5 жастан асқан баласы бар аналарға төлем туралы ақпарат – жалған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілерде баласы 1,5 жастан асқан әйелдерге арналған төлем туралы жалған ақпарат тарап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде баласы 1,5 жасқа толғаннан кейін әйелдер жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем ала алады деген шындыққа сәйкес келмейтін хабарламалар таралған.
Ондай жазбалардың авторлары азаматтарға алты ай бойы төлем алу үшін мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелуді ұсынады. Алайда министрлік бұл «схеманың» заңды негізі жоқ екенін және азаматтарды жаңылыстыратынын ескертті.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады, сондықтан ол жұмыссыз деп танылмайды. Жұмыссыз мәртебесі тек нақты жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдарға ғана беріледі.
Сондай-ақ ведомство жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға ғана тағайындалатынын еске салды. Ол үшін азаматтар жұмыссыз ретінде тіркеліп, белгіленген талаптарды орындауы қажет.
Министрлік төлем алушы жұмысқа орналасқан жағдайда мансап орталығын уақтылы хабардар етуге міндетті екенін атап өтті. Егер жалған мәліметтер ұсынылса, төленген қаражат заңнамаға сәйкес қайтарылуы мүмкін.
Сонымен қатар ведомство әлеуметтік төлемдерді алу үшін әдейі жалған ақпарат беру алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін екенін ескертті. Мұндай жалған нұсқаулықтарды таратқан тұлғалар да жауапкершілікке тартылуы ықтимал.
Министрлік мәліметінше, 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде алаяқтық фактілері бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Бес өңірде 7 сот үкімі шығарылған. Тергеу барысында азаматтардың әлеуметтік желілердегі, соның ішінде Instagram-дағы жарнамаларға сеніп, әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемаларына тартылғаны анықталған.
Осыған байланысты министрлік азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі бейтаныс адамдарға сенбеуге, жеке деректерін бөгде тұлғаларға бермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне жүгінуге шақырды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз