Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы қашан көтеріледі
Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің жалақысын келесі рет 2028–2029 жылдары көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтегі брифингте айтты, деп хабарлайды ZontNews.kz. BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Брифинг барысында журналистер азық-түлік, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер бағасының өсуін көтеріп, халық табысын арттыру үшін қандай шаралар қабылданатынын сұрады.
Жұманғариннің айтуынша, халық табысының шамамен 65 пайызы жалақыдан, ал 24–25 пайызы әлеуметтік төлемдерден құралады. Сондықтан еңбекақыны көтеру азаматтардың кірісін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі саналады.
Министр биыл жалақының ең жоғары өсімі көлік және қоймалау саласында тіркелгенін мәлімдеді. Бұл бағытта еңбекақы 28,8 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығында жалақы 18,6 пайызға, қаржы және сақтандыру саласында 16,5 пайызға, құрылыста 14,4 пайызға, ал өнеркәсіпте 11,4 пайызға өскен.
Ал білім беру, өнер, ақпарат және байланыс, сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет салаларында өсім небәрі 3–5 пайызды құраған.
Жұманғарин мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жақында көтерілгенін еске салды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа әдістеме бойынша олардың орташа еңбекақысы 1,9 есе, ал төмен жалақы алатын қызметкерлердікі 2,2 есе өскен. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап осы санаттағы қызметшілердің айлығы тағы 16 пайызға артқан.
«Жалақыны келесі жолы шамамен үш жылда бір рет көтеру жоспарланған. Менің есімде, 2025 жылдан кейінгі келесі кезең – 2028–2029 жылдар», – деді министр.
Оның сөзінше, жекелеген мамандардың еңбекақысы кезең-кезеңімен көтеріліп отырады. Мәселен, бұған дейін ветеринарлардың жалақысы артқан. Қазір еңбекақы төлеуде айқын теңгерімсіздік байқалатын бірқатар мемлекеттік ұйымдағы жағдай қарастырылып жатыр.
Азық-түлік бағасына тоқталған министр қымбаттау қарқынының бәсеңдегенін айтты. Қыркүйекте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1 пайызға төмендеген. Бұл үрдіс қазан айының алғашқы аптасында да сақталған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз