Мектеп бітіру кештерін мейрамханада өткізуге тыйым салынды
Мектеп бітіру кештерін өткізуге жаңа шектеулер енгізілді, деп хабарлайды ZontNews.kz. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, орта білім беру ұйымдарында бітіру кештерін ұйымдастыру талаптарын нақтылады. Осы мақсатта арнайы бірлескен бұйрық қабылданбақ.
Қабылданған шаралар білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Ведомство мәліметінше, аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында өткізіледі. Сонымен қатар, оқушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен ақша және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады.
Сондай-ақ, белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін мектептен тыс жерлерде, оның ішінде мейрамханаларда ұйымдастыруға жол берілмейді.
Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды қажет етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастыру, сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдау жүктелді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз