Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

МАГАТЭ Қазақстанның АЭС салуға дайындығын бағалайды

Фото көзі: : ашық дереккөзден
ZontNews.kz
Қаз. 13, 2026, 12:40 Т.Қ.

Астанада 12–15 қазан аралығында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бірлескен миссиясы өтіп жатыр. Сарапшылар Қазақстанның алғашқы атом электр станциясын салу жобасына қажетті ядролық инфрақұрылымын кешенді бағалауға дайындық жүргізуде, деп хабарлайды ZontNews.kz. ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне сілтеме жасап.

МАГАТЭ сарапшылары қазақстандық мамандармен бірге ұлттық өзін-өзі бағалау есебін пысықтап, INIR бағдарламасының екінші кезеңіндегі негізгі миссияға дайындалып жатыр. Жұмысқа Атом энергиясы жөніндегі агенттік, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және «Қазатомөнеркәсіп» өкілдері қатысуда.

Халықаралық сарапшылар Қазақстан ұсынған мәліметтерді тексеріп, есепке қатысты ескертулерін береді. Сонымен қатар негізгі бағалау басталғанға дейін қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер анықталады.

Бағалау ядролық инфрақұрылымның 19 бағытын қамтиды. Олардың қатарында ядролық, радиациялық және физикалық қауіпсіздік, заңнамалық және реттеуші база, қаржыландыру, мамандар даярлау, халықпен және мүдделі тараптармен байланыс, электр желілерінің дайындығы мен ядролық отын циклі бар.

INIR – мемлекеттің өтініші бойынша МАГАТЭ өткізетін кешенді сараптамалық тексеру. Оның аясында болашақ станцияның техникалық бөлігі ғана емес, атом энергетикасын дамытуға қажетті бүкіл инфрақұрылым бағаланады.

Екінші кезең мемлекеттің атом энергетикасын дамыту туралы шешім қабылдап, АЭС жобасын тікелей жүзеге асыруға қажетті жағдайларды қалыптастыруға кіріскенін білдіреді. Бұл сатыда ел тиісті нормативтік базаны, реттеуші органдарды, қаржыландыру тетіктерін, инфрақұрылымды және кадрлық әлеуетті дайындауға тиіс.

Қазақстан бұған дейін INIR бағдарламасының бірінші кезеңі бойынша МАГАТЭ бағалауынан өткен. 2023 жылғы наурызда агенттіктің қайталама миссиясы бұрын берілген ұсынымдардың орындалуын тексерді. Сол кезде бірқатар ұсыным орындалғанымен, инфрақұрылымды кешенді бағалау және басқару жүйелері секілді кейбір бағыттардағы жұмыс жалғасқан еді.

Жаңа миссияға дайындық алғашқы АЭС жобасының практикалық кезеңге өтуімен қатар жүріп жатыр. Станция салынатын аумақ ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы белгіленді. Құрылыс бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы болып ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы таңдалды.

2026 жылы Қазақстан мен МАГАТЭ 2026–2036 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жол картасына қол қойды. Құжат атом энергетикасын дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, кадр даярлау, ғылым және басқа да бағыттарды қамтиды.

Қазіргі миссияның қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық өзін-өзі бағалау есебін нақтылап, INIR бағдарламасының екінші кезеңіндегі негізгі тексеруге дейін анықталған олқылықтарды жоюы керек. Негізгі миссия аяқталғаннан кейін елдің ядролық инфрақұрылымы АЭС құрылысының келесі кезеңіне қаншалықты дайын екені жан-жақты бағаланады.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз