Мәслихат депутаттығына кандидаттарға бюджеттен 700 мың теңгеге дейін бөлінеді
Орталық сайлау комиссиясы 29 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауда мәслихат депутаттығына кандидаттарға республикалық бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін белгіледі. Мәслихат деңгейіне қарай мемлекет әр кандидаттың 500 мыңнан 700 мың теңгеге дейінгі шығынын өтейді, деп хабарлайды ZontNews.kz. ҚР Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап.
Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарға ең көп қаражат қарастырылған. Теледидар мен радиода сөз сөйлеуге, сондай-ақ баспа немесе интернет-басылымдарда екі мақала жариялауға 410 мың теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, көпшілік алдындағы сайлауалды іс-шаралар мен үгіт материалдарына 180 мың теңге, көлік шығындарына 110 мың теңге қарастырылған. Жалпы, әр кандидатқа 700 мың теңгеге дейін бөлінеді.
Қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарды бюджеттік қаржыландыру көлемі 650 мың теңгеге дейін жетеді. Оның 400 мың теңгесі сөз сөйлеу мен мақала жариялауға, 170 мың теңгесі үгіт жұмыстарына, ал 80 мың теңгесі көлік шығындарына жұмсалады.
Аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттарға 500 мың теңгеге дейін қарастырылған. Оның ішінде сөз сөйлеу мен мақала жариялауға 290 мың теңге, сайлауалды іс-шаралар мен үгіт материалдарына 130 мың теңге, көлік шығындарына 80 мың теңге бөлінеді.
Бұл – сайлау науқаны аясында мемлекет кандидат үшін өтеуге дайын шығындар. Аталған сомаларды сайлау қорының жалпы көлемімен немесе кандидаттың бүкіл науқанға жұмсайтын шығындарының шекті мөлшерімен шатастырмау керек.
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген. Барлығы 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады: облыстық деңгейде – 668, қалалық деңгейде – 626, аудандық деңгейде – 2 153 депутат.
Кандидаттарды ұсыну 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін аяқталуға тиіс. Сайлау аралас жүйе бойынша өтеді: депутаттардың бір бөлігі партиялық тізімдермен, қалған бөлігі бірмандатты округтер бойынша сайланады.
ОСК қаржыландыру туралы шешімдерді аумақтық және округтік сайлау комиссияларына, сондай-ақ тіркелген кандидаттарға жолдайды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз