Лұқпан Ахмедьяровқа іс қозғалды
Астанада журналист әрі «Просто журналистика» жобасының авторы Лұқпан Ахмедьяровқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция оған ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы – көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Бұл туралы ZontNews.kz. Радио Азаттық-қа сілтеме жасап хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин журналистке қатысты тергеу басталғанын растады. Алайда полиция оның қылмыстық іс аясындағы процестік мәртебесін нақтыламады.
Бұған дейін, 3 тамызда, Ахмедьяров отбасымен бірге Қазақстаннан ұша алмай қалған. Ол Астанадан Черногорияға аттанбақ болған кезде әуежайда оған елден шығуға шектеу қойылғаны хабарланған.
Журналистің айтуынша, 31 шілдеде тергеушінің шақыруымен полицияға барып, түсініктеме берген. Оған қатысты шағымды Өскемен қаласының тұрғыны Андрей Котов түсірген.
Іс журналистің Украинадағы «Хочу жить» мемлекеттік жобасына сілтеме жасап, Ресей жағында соғысқа қатысуы мүмкін Қазақстан азаматтарының тізімін жариялауына байланысты қозғалған. Тізімде Котовтың да аты болған. Ол әскери қимылдарға қатыспағанын, Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істегенін мәлімдеген.
Ахмедьяров жарияланған тізімдегі азаматтардың барлығы соғысқа қатысқаны туралы нақты мәлімдеме жасамағанын айтып отыр. Оның сөзінше, ақпаратты жариялаудағы мақсаты – бұл деректерге Қазақстан билігінің назарын аудару.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз