Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Әлемдік төрт компания Қазақстаннан мұнай іздеуге $500 млн салуы мүмкін

Фото көзі: : Athit Perawongmetha / Reuters
ZontNews.kz
Қаз. 13, 2026, 6 Т.Қ.

Қазақстанда жаңа мұнай кен орындарын іздеу үшін халықаралық геологиялық барлау консорциумын құру жоспарланып отыр. Жобаға Chevron, Shell, Sinopec және CNOOC компаниялары қызығушылық танытты, деп хабарлайды  ZontNews.kz. LS-ке сілтеме жасап.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Каспий маңы өңіріндегі жаңа мұнай қорларын іздеуге бағытталған халықаралық консорциум құру жұмыстарын жүргізуде.

ҚМГ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиевтің айтуынша, жобаға америкалық Chevron, британиялық Shell, сондай-ақ қытайлық Sinopec пен CNOOC компаниялары қатысуға ниет білдірген.

Болашақ консорциум геологиялық зерттеулер жүргізумен ғана шектелмей, кейін іздеу ұңғымаларын бұрғылауды да қарастырады.

Халықаралық бірлестікті 2026 жылдың соңына дейін құру жоспарланған. Консорциум аясындағы инвестициялардың алдын ала көлемі шамамен 500 млн доллар деп бағаланып отыр.

Алайда бұл сома перспективалы учаскелерді игеруге жұмсалатын барлық шығынды қамтымайды. Ұңғымаларды бұрғылауға қосымша қаражат қажет болады. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» 23 жоба бойынша министрліктермен келіссөз жүргізіп жатыр. Оларды қаржыландыру бөлек қарастырылады.

Жаңа бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі – терең геологиялық қабаттарды зерттеу. Қазір Қазақстандағы бұрғылаудың ең жоғары тереңдігі Теңіз бен Қашағандағы терең шөгінділерді есепке алғанда шамамен 5,5 шақырымға жетеді.

Мамандар енді 5,5 шақырымнан 10 шақырымға дейінгі тереңдікте орналасқан перспективалы қабаттарды зерттеуді көздеп отыр. Ол үшін жер қойнауының құрылымы туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік беретін жоғары дәлдіктегі сейсмикалық барлау жүргізіледі.

Жоспар бойынша 2D форматындағы сейсмикалық зерттеудің жалпы көлемі 60 мың желілік шақырымды құрайды.

Халықаралық консорциумның негізгі мақсаты – Каспий маңы өңірінің мұнай-газ әлеуетін зерттеп, жаңа перспективалы кен орындарын анықтау. Шетелдік ірі компаниялардың қатысуы күрделі учаскелерді зерттеудегі тәжірибе мен инвестициялық мүмкіндіктерді біріктіруге жол ашады.

Дегенмен әзірге жоба бірлескен зерттеулерді дайындау кезеңінде тұр. Аталған тереңдіктерде коммерциялық тұрғыдан игеруге жарамды мұнай қорының бар-жоғы геологиялық барлау нәтижесінде анықталады.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз