Қор Кунаев есімін университет атауынан алып тастауды сот арқылы талап етті
«Д.А. Қунаев атындағы халықаралық қор» қоғамдық қоры Алматыдағы Қунаев атындағы университеттің атауынан белгілі мемлекет қайраткерінің тегін алып тастауды талап етіп, сотқа жүгінді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қордың мәлімдеуінше, ұйым «Қунаев университеті» ЖШС-нің фирмалық атауындағы «Қунаев» сөзін алып тастауды және Дінмұхамед Қонаевтың есімін құқық иесінің келісімінсіз пайдалануға тыйым салуды сұрап отыр.
Қор бұл талап-арызды Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін пайдалануға қатысты айрықша құқықтарды қорғау мақсатында берген. Ұйым өз құқықтарын Қазақстан заңнамасына сәйкес сот тәртібімен қорғап жатқанын атап өтті.
Қазіргі таңда Алматыдағы университет осы атаумен жұмыс істеп, білім беру қызметін жүзеге асыруға қолданыстағы лицензияға ие. Оқу орны бірнеше рет атауын өзгерткен, ал 2023 жылдан бері «Қунаев университеті» атауын иеленіп келеді.
Бұл ретте университет пен Д.А. Қунаев атындағы халықаралық қор - екі бөлек ұйым. Қорды мемлекет қайраткерінің жиені Елдар Қунаев басқарады. Ұйым Дінмұхамед Қонаевтың мұрасын сақтаумен айналысады.
Қор сот процесінің одан әрі барысы туралы ресми ресурстары арқылы хабарлайтынын мәлімдеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз