Көлсай маңында жаңа тікұшақ алаңы таныстырылды
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Алматы облысы Кеген ауданындағы Саты ауылдық округінде орналасқан «Көлсай» тікұшақ алаңына барды. Нысан «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында, Көлсай көліне жақын жерде орналасқан, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Тікұшақ алаңы төтенше жағдай кезінде авиациялық жұмыстарды жүргізуге арналған. Ол халықты эвакуациялауға, құтқару бөлімшелерін жеткізуге және арнайы жабдықтарды жетуі қиын аймақтарға жедел тасымалдауға мүмкіндік береді.
Сапар барысында министрге нысанның техникалық мүмкіндіктері таныстырылып, алаңның әуе кемелерінің қауіпсіз қонуы мен ұшу талаптарына толық сәйкес келетіні айтылды. Сондай-ақ бұл нысан таулы және туристік өңірлерде жедел әрекет ету тиімділігін арттыратыны атап өтілді.
Айта кетейік, тікұшақ алаңы бюджеттен тыс қаражат есебінен жергілікті кәсіпкердің қолдауымен салынған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз