Қазақстанның бірнеше қаласында аспаннан жұмбақ жарық байқалды
12 қазан күні кешке Астана, Көкшетау, Петропавл және Қостанай тұрғындары аспанда пайда болған ерекше жарық нысанды видеоға түсірді. Бұл туралы Zont News Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан түнгі аспанда қозғалып бара жатқан жарқыраған нүкте мен оның артынан созылған ұзын ізді көруге болады. Алайда әр қаладағы куәгерлер бір нысанды байқады ма, әлде бөлек құбылыстарды түсірді ме – әзірге белгісіз.
Астана тұрғыны видеосын жариялап, мұндай көріністі тағы кім байқағанын сұрады. Осыған ұқсас жазбалармен Көкшетау, Қостанай және Петропавл тұрғындары да бөлісті.
Желі қолданушыларының бір бөлігі нысанды белгісіз ұшу аппараты деп болжаған. Дегенмен бейнежазбалар оның нақты не екенін анықтауға жеткіліксіз.
Ғылыми тұрғыдан мұндай жарық метеороидтың немесе зымыранның пайдаланылған сатысы секілді жасанды ғарыш нысанының атмосфераға енуінен пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда аспанда жарқыраған нысан мен оның артынан созылған жарық із байқалады.
Құбылыстың нақты уақыты, қозғалыс бағыты мен ұзақтығы туралы толық деректер болмағандықтан, әзірге оның табиғатын дәл анықтау мүмкін емес. Ресми органдар бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз