Қазақстанның бірқатар өңірінде қар, көктайғақ және қатты жел күтіледі
«Қазгидромет» РМК синоптиктері 20 қазанға еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде көктайғақ болады. Солтүстік Қазақстан облысында жаяу бұрқасын болжанса, Павлодар облысының солтүстігі мен шығысында қатты жауын-шашын күтіледі.
Елдің басым бөлігінде жел күшейеді. Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетуі мүмкін. Астана, Өскемен, Семей, Көкшетау, Петропавл және Павлодар қалаларында да қатты жел соғады.
Жетісу облысындағы Алакөл маңында желдің жылдамдығы секундына 23–28 метрге дейін күшейеді. Өңірде түнде 2–7 градус, Талдықорғанда 3–5 градус үсік болады.
Қызылорда облысының батысында, солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Өңірдің шығысында топырақ бетінде 2 градус үсік болжанып отыр. Жамбыл облысының батысы мен шығысында да түнде 2 градусқа дейін үсік жүреді.
Бірқатар өңірде тұман түседі. Мұндай ауа райы Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан және Жамбыл облыстарында күтіледі.
Сонымен қатар Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының кей бөліктерінде жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз