Жексенбі, 20 Қыркүйек 2026 г.

$ 446.94
513.27
5.31
  • Алматы
    29°C
    • Астана
      20°C
Ру

Қазақстандықтарға төлқұжат рәсімдеу тәртібі өзгереді

Фото көзі: : © Sputnik / Владислав Воднев
ZontNews.kz
Там. 25, 2026, 9:42 Т.Ж.

1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген Қазақстан азаматтарына төлқұжат беру тәртібі жаңартылады. Тиісті өзгерістерді Сыртқы істер министрлігі әзірледі, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың бұйрығы Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде жарияланды. Жаңа талаптар шетелде тұрақты тұратын қазақстандықтарға, студенттерге, еңбек шартымен жұмыс істейтін азаматтарға, Қазақстаннан тыс жерде туған балаларға және олардың отбасы мүшелеріне қатысты болады.

Тізімге дипломатиялық қызмет өкілдерінің туыстары, егде жастағы адамдар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жақындарына күтім жасайтын тұлғалар да енгізілген. Сонымен қатар шетелде ұсталған, қамауға алынған немесе жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтары да жаңа тәртіп бойынша құжат рәсімдей алады.

Консулдық мекеменің арнайы цифрлық жүйеге қолжетімділігі болса, төлқұжат 40 жұмыс күні ішінде дайындалады. Ал жүйеге қосылу мүмкіндігі болмаған жағдайда рәсімдеу мерзімі 90 күнтізбелік күнге дейін созылуы мүмкін.

Құжаттар толық тапсырылғаннан кейін консулдық өтініш берушінің мәліметтерін тексеріп, электрондық өтінім қалыптастырады. Өтінім ІІМ Көші-қон қызметі комитетіне жолданып, бес жұмыс күні ішінде қаралады. Қате анықталмаса, төлқұжат дайындауға жіберіледі.

Мәліметтерден сәйкессіздік табылса немесе фотосурет пен қолтаңбаға қатысты талаптар сақталмаса, құжаттар қайта өңдеуге қайтарылады. Кемшіліктерді түзетуге бес жұмыс күні беріледі. Азаматтың жеке қатысуы қажет болған жағдайда бұл мерзім 10 жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.

14 жасқа толмаған, төлқұжатты алғаш рет рәсімдейтін және ЖСН-і жоқ балалар үшін арнайы тәртіп қарастырылған. Мұндай жағдайда консулдық ЖСН беру рәсімін бастайды. Ішкі істер министрлігі екі жұмыс күні ішінде ЖСН қалыптастыру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Жаңа ереже консулдықтағы қызмет көрсету уақытын да нақтылайды. Құжат тапсыру кезінде кезекте күту мерзімі 30 минуттан, ал қызмет көрсету уақыты 10 минуттан аспауға тиіс.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз