Жексенбі, 20 Қыркүйек 2026 г.

$ 446.94
513.27
5.31
  • Алматы
    26°C
    • Астана
      16°C
Ру

Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда екі күрделі жатырішілік емшара жүргізді

Фото көзі: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
Zontnews.kz
Қыр. 17, 2026, 11:15 Т.Ж.

Қазақстандық мамандар Қазақстан медицинасы күндері аясында Бішкек қаласындағы Ана мен бала денсаулығын сақтау ұлттық орталығында екі күрделі жатырішілік емшара жүргізіп, қырғызстандық акушер-гинекологтармен тәжірибе алмасты, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Астанадағы UMC Ана мен бала орталығының «Ұрық медицинасы» бағдарламасының жетекшісі, акушер-гинеколог Гүлмира Мағзұмованың жетекшілігімен қазақстандық дәрігерлер әлі дүниеге келмеген екі балаға жатырішілік қан құю емшарасын жасады.

Бұл жоғары технологиялық әдіс ұрықтың ауыр анемиясы кезінде қолданылады. Мұндай жағдай ана мен ұрық арасындағы резус-қайшылық салдарынан да туындауы мүмкін. Бұл кезде ана ағзасында түзілген антиденелер ұрықтың эритроциттерін зақымдап, оның денсаулығына қауіп төндіреді.

Жатырішілік қан құю жүктілік кезінде-ақ ұрыққа қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді және күрделі жағдайларда жүктілікті сақтауға бағытталған маңызды емшаралардың бірі саналады.

Қазақстандық мамандар Қырғызстандағы әріптестеріне практикалық шеберлік сабақтарын өткізіп, заманауи диагностикалық және емдеу тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар медицина күндері аясында қазақстандық дәрігерлер пациенттерді қабылдап, консультациялар жүргізіп, жергілікті мамандармен кәсіби тәжірибе алмасуда.

Мұндай бірлескен жұмыстар мамандар арасындағы байланысты нығайтып, ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы тәжірибені дамытуға мүмкіндік береді.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз