Қазақстанды Емельянова мен Мовлаевты Ресейге бермеуге шақырды
Әртүрлі елдерден 150-ден астам құқық қорғаушы, журналист, ғалым және азаматтық қоғам өкілі Қазақстан билігіне үндеу жасап, Юлия Емельянова мен Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялауды тоқтатуға шақырды. Үндеу авторлары оларды қауіпсіз үшінші елге жеткізу үшін дипломатиялық дәліз ұйымдастыруды да ұсынды, деп хабарлайды ZontNews.kz. «Власть» басылымына сілтеме жасап.
Үндеуге 155 адам қол қойған. Олардың қатарында Ресейдің Соғысқа қарсы комитеті, «Саяси тұтқындарды қолдау. Мемориал», «Ковчег», «Первый отдел», «ОВД-Инфо», Норвегия Хельсинки комитеті және International Society for Human Rights ұйымдарының өкілдері бар. Сондай-ақ құжатты әр елдің журналистері, бұрынғы саяси тұтқындары, оқытушылары мен белсенділері қолдаған.
Мәлімдеме авторлары Емельянова мен Мовлаевқа қатысты қылмыстық қудалаудың саяси астары бар деп есептейді. Олардың пікірінше, Ресейге берілген жағдайда аталған азаматтарға қатыгез қарым-қатынас жасалып, олар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл – сотпен анықталған факт емес, үндеуге қол қойғандардың ұстанымы.
Құқық қорғаушылар Қазақстанның Азаптауға қарсы конвенция мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қатысушы мемлекет екенін еске салды. Олардың пайымдауынша, бұл жағдайда адамды азаптау немесе басқа да қатыгез қарым-қатынас қаупі бар елге беруге тыйым салатын non-refoulement қағидаты қолданылуға тиіс.
Мансур Мовлаев 2025 жылғы мамырдан бері Қазақстанда экстрадициялық қамауда отыр. 2026 жылғы қаңтарда Қазақстанның Бас прокуратурасы Ресейдің оны экстрадициялау туралы сұрауын қанағаттандырды. Қыркүйекте Кассациялық сот оған босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімді күшінде қалдырды.
Юлия Емельянова 2025 жылғы 31 тамызда Алматы әуежайында транзит кезінде ұсталған. Ресей билігі оны телефон ұрлау туралы қылмыстық іс бойынша экстрадициялауды талап етіп отыр. 2026 жылғы ақпанда Қазақстанның Бас прокуратурасы оны беру туралы сұрауды қанағаттандырғанымен, баспана беру жөніндегі өтініші қаралған кезеңде экстрадициялау рәсімі уақытша тоқтатылды. 24 қыркүйекте Астанадағы Кассациялық сот Емельяноваға баспана беруден түпкілікті бас тартты.
Бұған дейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Мовлаевтың шағымы қаралғанға дейін Қазақстаннан оны Ресейге экстрадицияламауды сұраған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз