Қазақстанда зорлық-зомбылық қаупін алдын ала анықтайтын жүйе ұсынылды
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі туралы полицияға алдын ала хабар беретін электронды жүйе құру ұсынылды. Бастаманы депутат Айжан Аймағанова көтерді, деп хабарлайды ZontNews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Депутаттың ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сауал жолдауына соңғы айларда болған әйелдер өлімі себеп болған.
13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Ділназ Жұмағұлова бірнеше жерден пышақ жарақатын алып, қаза тапты. Ал 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы күйеуі өлтірді.
Айжан Аймағанованың айтуынша, қолданыстағы жүйе зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтауға мүмкіндік беруі керек.
«Кейінгі жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін маңызды шаралар қабылданды. Жауапкершілік күшейтіліп, алдын алу тетіктері кеңейтілді. Алайда қайғылы оқиғалар әлі де жалғасып жатыр. Қолданыстағы қорғау тетіктері қауіпті алдын ала анықтап, оның алдын алуға қаншалықты мүмкіндік береді?» – деді депутат.
Ол бірнеше өңірде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын іске қосуды ұсынды. Жүйе қауіпті жағдайларды анықтап, полицияға автоматты түрде белгі беруге тиіс.
Сонымен қатар қауіп туралы сигнал түскен кезде полиция орындайтын бірыңғай міндетті әрекет алгоритмін бекіту ұсынылды. Әрбір сигнал мен қабылданған шара цифрлық жүйеде автоматты түрде тіркелуі керек.
«Бұл кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты анықтауға мүмкіндік береді», – деді Аймағанова.
Депутат электронды бақылау тетіктері қолданылатын Францияның тәжірибесін мысалға келтірді. Оның сөзінше, жаңа ақпараттық жүйені нөлден бастап әзірлеудің қажеті жоқ. Қазақстанда профилактикалық есепке алу және электронды бақылау құралдары бар, оларды жаңа жобаға бейімдеуге болады.
Айжан Аймағанова бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесінен кейін көпшілікке танылды. Ол Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша мемлекеттік айыптауды қолдаған прокурорлардың бірі болды. 2024 жылғы мамырда Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз