Қазақстанда жеке тұлғаларға автолизинг ұсынылды
Қазақстанда азаматтарға автокөлікті лизинг арқылы сатып алуға мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама іске қосылды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Жобаны Nomad Leasing Solutions компаниясы Allur-мен бірлесіп жүзеге асырады.
Өтінімдерді Allur Finance қаржы платформасы қабылдайды. Лизинг мерзімі 37 айдан басталады, ал қаржыландыру сомасы 1 млн теңгеден жоғары болуы тиіс. Клиент көлік құнының кемінде 20 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеп, қалған соманы ай сайын өтейді. Көлік төлем толық аяқталғанға дейін лизингтік компанияның меншігінде болады.
Бағдарламада көлік құнының кемінде 20 пайызын келісім мерзімінің соңына қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл клиенттің ай сайынғы төлемін азайтуға мүмкіндік береді.
Келісім аяқталған кезде клиент қалған соманы төлеп, көлікті өз атына рәсімдей алады. Сондай-ақ автокөлікті компанияға қайтаруға немесе басқа көлікке жаңа келісім жасауға болады. Көлікті қайтару және ауыстыру мүмкіндігі Қазақстанда шығарылған модельдерге қолданылады.
Nomad Leasing Solutions директоры Саят Урпежановтың айтуынша, жеке тұлғаларға арналған автолизинг еліміздегі көлікті қаржыландыру нарығында жаңа бағыт қалыптастырады. 2026 жылғы маусымда заңнамаға енгізілген өзгерістер азаматтарға лизинг ұсыну тәртібін және компанияларға қойылатын талаптарды нақтылаған.
Бағдарлама жеке кәсіпкерлерге де қолжетімді. Өтінімді арнайы дилерлік орталықтағы Allur Finance жүйесі немесе Nomad Leasing Solutions сайты арқылы беруге болады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз