Қазақстан, сүт, өнімдер, қымбат
Қазақстанда сүт өнімдерінің бағасы өсіп жатыр. Бір жыл ішінде әсіресе ашымалы сүт өнімдері, ірімшік пен сүт айтарлықтай қымбаттаған, деп хабарлайды Energyprom-ға сілтеме жасаған ZontNews.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл қаңтар-сәуір айларында сүт өнімдерінің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,4 пайызға өскен. Ашымалы сүт өнімдері 13,4 пайызға, ал ірімшік 12,4 пайызға қымбаттаған.
Соңғы 12 ай ішінде сүт бағасы ай сайын орта есеппен 0,8 пайызға өссе, ашымалы сүт өнімдері мен ірімшік шамамен 1,1 пайызға қымбаттап отырған. Биыл сәуірде ірімшік бағасы бір айда бірден 2,1 пайызға өскен.
Сарапшылар қазіргі баға өсімі 2022 жылғы рекордтық көрсеткіштерден төмен екенін айтады. Сол жылы сүт өнімдерінің баға индексі 131,3 пайызға жетіп, консервіленген сүт 43 пайыздан астамға, қатты ірімшік 34,2 пайызға қымбаттаған еді. Ал 2024–2025 жылдары нарықтағы жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болған.
Мамандар баға өсімінің басты себебі ретінде шикі сүттің өзіндік құнының артуын атап отыр. Ауыл шаруашылығы өндірушілері сиыр сүтінің сату бағасын 8,6 пайызға көтерген. Сонымен қатар мал азығы, жанар-жағармай, қызмет көрсету мен жалақы шығындарының өсуі де әсер еткен.
Өткен жылы фермерлердің жалпы шығыны шамамен төрттен бірге артып, 124 млрд теңгеге жеткен. Оның 57 пайыздан астамы мал азығына жұмсалған. Бір жыл ішінде жем-шөпке кететін шығын 30,4 пайызға өскен.
Соған қарамастан елдегі сүт өндірісі тұрақты сақталып отыр. 2025 жылы фермерлер шамамен 788,6 мың тонна сиыр сүтін сатып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға артқан. Өндірушілер табысы да көбейіп, өткізілген өнім көлемі ақшалай есепте 200,3 млрд теңгеге жеткен.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз