Қазақстанда оқу бағдарламалары жаңа Конституция талаптарына сәйкес қайта қаралды
Жаңа оқу жылының басталуына орай Қазақстанда мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен үлгілік оқу жоспарлары жаңа Конституцияның ережелеріне сәйкес жаңартылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қазіргі таңда елімізде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленуде. Оның ішінде шамамен 360 мың бала мектепалды даярлықтан өтті.
Ваучерлік қаржыландыру жобасы аясында 20 қала мен облыстардың 23 ауданында 1,1 млн ваучер берілді. Нәтижесінде 2-6 жас аралығындағы балалардың балабақша кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарып, бюджет қаражатының 35,3 млрд теңгесі үнемделді.
Мектептегі білім беру жүйесінде де өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алуда. Биыл бірінші сыныпқа шамамен 380 мың бала қабылданады.
Қандай пәндер міндетті болады?
Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына бірқатар міндетті курстар енгізілді:
- 5-7 сыныптар - «Конституция негіздері»;
- 8-11 сыныптар - «Заң және тәртіп»;
- 5-11 сыныптар - «Жеке қауіпсіздік»;
- бұрын таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналады.
Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес жаңартылады.
Осылайша, өзгерістер білім беру стандарттарын жаңартумен қатар, оқушылардың құқықтық сауаттылығын, конституциялық мәдениетін және жеке қауіпсіздік дағдыларын күшейтуге бағытталған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз