Қазақстанда бизнес жобаларын қолдауға 10,2 трлн теңге бөлінді
Қазақстанда 2019–2026 жылдар аралығында 176 мыңнан астам бизнес-жоба мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген несие беру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік ұсыну тетіктері бойынша 176 716 жоба қолдау тапқан. Берілген несиелердің жалпы көлемі 10,2 трлн теңгеге жетті.
2019–2025 жылдары мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан кәсіпкерлер шамамен 695 мың жұмыс орнын сақтап қалып, қосымша 60,5 мың жаңа жұмыс орнын ашқан. Осы кезеңде олар 128 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 8,5 трлн теңге салық төлеген.
Министрлік кәсіпкерлікті қаржыландыруға арналған жаңа бағдарламалардың да іске қосылғанын мәлімдеді. 2025 жылғы маусымнан бастап «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында банк капиталының үлесі қаржыландырудың жалпы көлемінің жартысынан асады.
Сондай-ақ 2025 жылғы сәуірде «Даму» қорының базасында шағын және орта бизнес пен ірі инвестициялық жобаларға арналған екі жаңа кепілдік қоры құрылды.
Ал 2025 жылғы желтоқсанда ауылдар мен шағын қалалардағы микро және шағын бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама әр өңірдің экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз