Қазақстанда балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған «Бастау» кешені әзірленеді
Қазақстанда балалардың денсаулығын қорғау және профилактикалық медицинаны дамытуға бағытталған «Бастау» іс-шаралар кешені әзірленеді, деп хабарлайды ZontNews.kz. Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бағдарлама Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева-ның тапсырмасы бойынша іске асырылуда.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен кеңесте мектеп медицинасының сапасын арттыру, профилактикалық тексерулерді цифрландыру, «Саламатты мектеп» бағдарламасын жүзеге асыру және жазғы сауықтыру науқанын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Министрлік мәліметінше, «Салауатты жаз – 2025» бастамасы аясында шалғай өңірлерде тұратын 365,5 мыңнан астам бала профилактикалық және сауықтыру шараларымен қамтылған. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар медициналық тексерулердің қолжетімділігін арттыруға бағытталады.
Сондай-ақ балалардың электрондық денсаулық паспорттарын енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жүйе балалардың денсаулығын тұрақты бақылауға және ауру қаупін ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Министрлік балалар денсаулығын қорғау мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Бастау» кешені балалар арасындағы аурулардың алдын алуға, оларды ерте анықтауға және ауылдық, шалғай аймақтарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, ведомство балалардың терезеден құлау жағдайларының жиілегенін де еске салды. 2026 жылдың алғашқы үш айында 44 оқиға тіркеліп, оның 4-еуі қайғылы аяқталған. Осыған байланысты ата-аналарға балалар қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажеттігі айтылды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз