Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу ұсынылды

Фото көзі: Ашық дереккөздерден
Zontnews.kz
Қаз. 7, 2026, 10:15 Т.Ж.

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу тетігін нақтылау ұсынылды. Бұл мәселені депутат Жанарбек Әшімжанов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Депутат әлеуметтік желілердің балалардың психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және оқуына әсері күшейіп отырғанын атап өтті. ДДСҰ-ның HBSC зерттеуіне сәйкес, әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланатын жасөспірімдердің үлесі 2018 жылғы 7%-дан 2022 жылы 11%-ға өскен.

Қазақстанда да балалардың цифрлық ортаға белсенді тартылғаны байқалады. 2023 жылғы зерттеу деректеріне сәйкес, 9–10 жастағы балалардың 60%-ында, ал 11-12 жастағылардың 66%-ында әлеуметтік желі аккаунты бар. Балалардың 88%-ының жеке смартфоны бар және олар TikTok, YouTube, Instagram сияқты платформаларды пайдаланады.

Балалар әл-ауқаты индексіне сәйкес, 10-18 жастағы балалар арасында әлеуметтік желідегі буллингке ұшырағандардың үлесі 2024 жылғы 15%-дан 2025 жылы 33,5%-ға дейін өскен. Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желіні шамадан тыс пайдалану баланың оқуына, спортпен айналысуына және отбасымен қарым-қатынасына бөлінетін уақытты азайтуы мүмкін.

Осыған байланысты Үкіметке 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою механизмін нақтылау, олардың жеке және цифрлық деректерін қорғау, мектептерде цифрлық гигиена мен медиасауаттылықты жүйелі оқыту ұсынылды.

Сонымен қатар әлеуметтік желілердің балалардың психологиялық жағдайына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізу ұсынылды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салу бастамасын қолдап, мұндай шектеуді іске асырудың нақты тетіктерін алдын ала әзірлеу қажеттігін айтқан.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз